Тарих факультеті бакалавриат түлектеріне онлайн форматта диплом табыстады

Диплом табыстау рәсімін ағымдағы жылдың 24 маусымында факультет деканы, т.ғ.д., профессор Садықов Тілеген Садықұлы жүргізді. Онлайн құттықтауды Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, т.ғ.д., академик Сыдықов Ерлан Бәтташұлы арнайы бейнежазба арқылы бастады.  Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ бірінші проректор-оқу ісі жөніндегі проректоры, з.ғ.д., профессор Оңғарбаев Еркін Әнуарұлы әр университет үшін түлектерінің қаншалықты маңызды екендігін жеткізіп, қанатты сөздерін жолдап «тарих» мамандығы бойынша «үздік» түлектерге диплом табыстады.

Бітіруші түлектердің елімізді дамытуға дайын екендігіне көз жеткізген Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының төрайымы, т.ғ.д., профессор Ауанасова Алима Мусировна жылы лебізін білдіріп «археология және этнология» мамандығының «үздік» түлектеріне дипломдарын табыстады. Қазақстан тарихы кафедрасы меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Көшенова Ғанижамал Иманқызы болашақ тарихшылардың университет қабырғасындағы қызықты сәттерін айтып, т.ғ.к., доцент Хабдуллина Марал Ғалымжанқызы жас археологтардың мамандықтарын жақсы игергендігін жеткізіп, тарих факультеті деканы орынбасары, Phd доктор Қабылтаева Самал Ғазизқызы белсенді студенттерге алғысын білдіріп, анасындай болған түлектерге ақ жол тілей отырып дипломдарды түлектерге дипломдарын жолдады.

Қазақстан тарихы каферасы оқытушысы Н.Н.Елкей, «Қазақ аруы–2018» иегері, Тмқ-21 тобы магистранты Н.Рақымжан, «Е-студио» өнер орталығының вокалисті, бітіруші түлек А.Қадырова Zoom платформасында әсем әнге кезек беріп, салтанатты кеш қонақтарына керемет көңіл-күй сыйлады. Түлектер атынан Аманбекова Сабина, Айтмұханбетова Еркеназ және Қадырова Аида сөз сөйлеп, ұстаздарға алғыстарын білдіріп, университет өмірлерінде көп нәрсеге әсер еткендігін еске салып ойларын қорытындылады.

2017 жылы қыркүйекте бүгінгі бітіруші түлектердің «студенттер қатарына қабылдау» кешінде Тілеген Садықұлы: «Баласы атқа мінсе, ата-анасы тақымын қысып отырады» - деп студенттердің ата-аналарын мысалға келтірсе, ендігі ретте факультет оқытушыларының дәл солай үлкен өмірде түлектерінің тілеулерін тілейтіндігін жеткізді.

Ақ жол – қадірлі түлектер!