Евразийский национальный университет имени Л.Н. Гумилева

Основан 1996 году

Исторический факультет


Абай Құнанбайұлының дін және сенім туралы ойлары

Мамырдың 6-сы тарих факультетінде Абай Құнанбайұлының дін және сенім туралы ойлары атты Елемесов Санжар Мейрамұлының Абай Құнанбайұлының дін және сенім туралы ойлары атты ашық сабағы өтті. Аталмыш шараға Әлеуметтік қолдау бөлімінің бас маманы дінтанушысы Дәрібай Мұратбек Оңталапұлы, т.ғ.к.,доцент Алжаппарова Б.К. және оқытушылар Елкей Н.Н., Оразаев С.Б., Бижанов А.С.  қатысты. Ашық сабақ барысында Т-11 тобының студенттері Құсаинова А., Болат Л., Серік Ұ. мәнерлеп өлең  оқып ұлы Абайдың әндерің айтқан болатын.

  Абайдың әкесі азан шақырып қойған аты Ибраһим еді. Бірақ оны әжесі «Абай» деп еркелеткен. Кейіннен осы атпен елге танылды. Бала күнінде «Ахмет Риза» медресесінде дәріс алып, хат таныды. Қарап отырсақ, қазақ зиялыларының көпшілігі діни сауатты болған.

 

 Сол секілді Абайдың шығармалары да діни тақырыптан кенде емес.  Мәселен:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп

Және хақ жолы осы деп әдiлеттi» деген өлең жолдары соның дәлелі болса керек.

 Сондай-ақ, ұлы ақын иманның тек тілде ғана емес, істе, амалда екенін алға тартады.

«Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа жол емес.

Дененің барша қуаты

Өнерге салар бар күшін.

Жүректің ақыл суаты,

Махаббат қылса тәңірі үшін»,- деп жырлайды ақын.

 Абай сыншыл болды. Ол өз заманындағы дінбасылар мен діни надандықты сынады.

Абай Құнанбайұлының қара сөздерінде де діни ғибратты ойлар айтылған.  Әсіресе, сенім мен әдепке қатысты аят пен хадистерді қазақи мәнерде түсіндіреді.

Мәселен, «Он үшінші қара сөзінде» иманға сипаттама береді. «Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел – испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек»,-деп жазады ғұлама.

 Абай иманға тек пайдакүнемдік мақсатпен немесе елге жақсы көріну ниетімен келуді құптамайды. Ол адам өмірінің мәні сеніммен тікелей байланысты екенін алға тартады. Адамның барлық қайғы мен тауқымет, азаптарын сол иман мен оның жалғандығымен түсіндіреді.

 Қазіргі таңда дін атын жамылған жат ағымдар жұртшылықты алаңдатып отыр.  Абай өзінің «Қырық бесінші қара сөзінде» «Неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайық деген» дейді. Осымен ақын ғылым, махаббат, әділетті – дін мен иманның шын негіздері деп атайды. Оның айтуынша, «Бұлар Жаратушы Иеміздің ісі, он сегіз мың ғаламды меңгеретін басты заңдары» болып табылады. Қоғам дамуы үшін осы үштікті бірдей ұстау маңызды.