Абай Құнанбайұлы: заманы және тарихи үдерістер

2020 жылғы 13 ақпанда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасы Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай Құнанбайұлы: заманы және тарихи үдерістер» тақырыбында ғылыми семинар өткізді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», - деген келелі пікірі ақын мұрасының маңыздылығын айқын аңғартады.


Ғылыми семинардың модераторы – тарих факультетінің деканы, т.ғ.д., профессор Т.С.Садықов келген қонақтармен таныстыра келе, семинардың мақсаты ұлы Абайдың мұраларын ғылыми ортада, жас ғалымдар мен білім алушылардың арасында жаңаша көзқарас тұрғысынан қарастыру, насихаттау және тарихи сабақтастықты жалғастыру екеніне тоқталып өтті.

Семинарға ҚР БҒМ БК «Мемлекет тарих институты» ММ-нің директоры, т.ғ.д., профессор – Б.Ғ.Аяған, жазушы, фил.ғ.д., профессор – Т.Жұртбай, «Абай» журналы және Абай музейлерінің қоғамдық кеңесінің, ақылдастар кеңесінің мүшесі, ф.ғ.к. доцент – А.Омаров, ҚР БҒМ БК «Мемлекет тарих институты» ММ-нің жетекші ғылыми қызметкері – Қ.Еңсенов, ҚХА төраға орынбасары, PhD, дінтану сарапшысы – Ш.А.Пулатов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Абай академиясы» зерттеу институтының директоры – Е.Е.Сайлаубай сынды майталман ғалымдар мен факультеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Алғы сөзді алған ҚР БҒМ БК «Мемлекет тарих институты» ММ-нің директоры т.ғ.д., профессор – Б.Аяған ұлы ойшыл, дара данышпанымыздың мерейтойына орай ұйымдастырылып отырған осынау іс-шараның тарихи маңызына тоқталды. Ғалым Абай ұрпақтары жөнінде келелі ойларымен бөлісіп, жаңа деректермен таныстырды. Сондай-ақ тарихшы жастарға Абай мұрасын тарихи тұрғыдан жаңа көзқараста зерттеуді ұсынды.

Жазушы Т.Жұртбай ұлы ойшыл өмірінің белгісіз тұстарына, қалтарыс беттеріне, даулы тұстарына назар аудартып, дәйекті пікірлерін айтты. Абай қоғамы мен өскен ортасын тарихшылардың әлі де жан-жақты зерттеуі қажеттігіне тоқталды.

Абайтанушы, «Абай» журналы және Абай музейлерінің қоғамдық кеңесінің, ақылдастар кеңесінің мүшесі, ф.ғ.к., доцент А.Омаров ғалымдардың пікірлерін әрі қарай өрбітіп, абайтанушы ретінде құнды ойларымен бөлісті, көпшілік қауымға таныс емес данышпанның тың саяси көзқарастарын зерттеуді ұсынды. Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңін бастапқыда «Оян қазақ» деген атаумен шыққанын біреу білсе, біреу білмейтінін атап өтті.

Ғалымдардың келелі ойларын жалғастырған ҚХА төраға орынбасары, PhD, дінтану сарапшысы – Ш.А.Пулатов өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі таңда Абай мұраларын елімізден тыс жерлерде өмір сүріп жатқан қазақ диаспораларының арасында, әлемдік деңгейде насихаттауға ат салысып жатқанын айта келе, ұлы тұлғаның өнегесін бүгінгі жастар арасында насихаттауды күшейту керектігіне, сонымен қатар Абай заманауи «кемелденген адам» идеясын дәріптегеніне, Абайдай кемеңгерді оқыған әрбір жас буынның саналы болары сөзсіз екеніне назар аудартты.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Абай академиясы» зерттеу институтының директоры – Е.Е.Сайлаубай өз баяндамасында Абай туралы тың зерттеулермен таныстыра келе, жастарды ғылыми жобаларға шақырды.

Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д. – М.Алпысбес «Абай және қазақ шежіресі» тақырыбында әңгіме өрбітсе, жас тарихшы буын атынан «тарих» білім беру бағдарламасының 1 курс докторанты – Д.Асқарұлы «Абай және азаматтық қоғам», ал «Абай оқулары» байқауының жеңімпазы, 3 курс студенті – Ә.Алдоңғаров «Алаш һәм Абай» атты тақырыптарда сөз қозғады. Семинарда көтерілген мәселелер қатысушылар арасында қызу талқыланды.

Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Ғ.И.Көшенова мен аға оқытушы Ж.С.Ерденбекованың ұйымдастырумен жүзеге асырылған ғылыми семинар жас ғалымдар мен білім алушыларға берері мол маңызды да мағыналы жиын ретінде өз мақсатына жетті.